Ербаянның ауыр нейрохирургиялық отасынан кейін Стамбулдан елге оралып, сауықтыру емін бастағанына бүгін 4,5 ай толды. Бұл туралы оның жеке емдеу маманы, массаж жасаушы Ұлпан Советбековна жазды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Баяу болса да, тұрақты түрде алға ілгерілеуді байқап отырмын. Қазір ол арқасын тік ұстай алады, аяғында тұрады, мойнын бақылай алады, сол қол-аяғында айтарлықтар реакция бар, салмақ қосты, ауыз-қуысымен толықтай жұмыс жасай аламыз», – дейді Ұлпан Советбековна.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер – ауыр операциядан кейінгі небәрі 7,5 ай ішінде жеткен үлкен жетістік.
«Бұл процесс баяу жүріп жатыр, бірақ ең бастысы – тұрақты. Осындай диагноздан кейін бұл өте маңызды көрсеткіш», – деп қосты маман.
Қазір Ербаянның алдында – емделудің екінші кезеңі, ол үшін ол қайтадан Стамбулға сапар шегеді.
«Мен алғашқы күннен-ақ Ербаянның толық қалпына келеді деген сеніммен жұмыс істеп келемін. Қазір соған аз-ақ қалды», – дейді Ұлпан Советбековна.
Айтуынша, Ербаян бәрін түсініп, сезіп отыр. Жақындары мен мамандар оның ерік-жігеріне және тезірек сауығып кететініне сенімді.
«Ербаян үшін дұға етіңіздер. Қолдау мен сенім – бізге үлкен күш», – дейді ол.
Айта кетсек, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Ресми дерек бойынша, ол әжетханада құлап, басын кафельге соғып алған. Бұған Ербаянның ата-анасы сенбейді. Баласы әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болды деп санайды.