Үндістан мен Пәкістан шекарасында тағы да атыс болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
NDTV мәліметінше, Үндістан әскері бақылау сызығында алты күн бойы себепсіз атыс болғанын хабарлаған. Кеше түнде Пәкістан әскері Джамму мен Кашмирдегі Паргавал секторындағы Үндістанмен шекарада оқ атқан.
Премьер-министр Нарендра Моди сейсенбіде кеңес өткізіп, оған елдің Қорғаныс министрі Раджнат Сингх, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Аджит Довал және Қарулы күштердің басшылары қатысты.
Еске сала кетсек, 22 сәуірде қарулы адамдар Джамму мен Кашмир одағы аумағындағы әйгілі туристік қала – Пахалгамда террорлық шабуыл жасаған болатын. Әскери киім киген адамдар автоматтармен оқ жаудырған, 25 үнді азаматы мен 1 непалдық көз жұмды. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып үлгерген.
Лаңкестік әрекеттен кейін Үндістан Исламабадтағы елшілігіндегі адамдар санын екі есеге дерлік қысқартты, Пәкістан дипломатиялық миссиясының әскери кеңесшілерін персона нон грата деп жариялады және шекарадағы маңызды «Аттари» бақылау бекетін жапты. Үндістан билігі сондай-ақ Исламабадпен су ресурстарын бөлісу туралы келісімді және Пәкістан азаматтарына виза беруді тоқтатты.