Қазақстан заңнамасына сәйкес, демалысты жаңа туған баланың анасы ғана емес, әкесі де ала алады. Ол Еңбек Кодексінде арнайы жазылған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми ақпаратына сүйенсек, 2025 жылғы қаңтар-мамырдағы жағдай бойынша 450 мыңға жуық адам бала күтіміне байланысты декретке шыққан, соның ішінде 890-ы – ер адамдар.
Осы орайда отандық шоу-бизнес өкілдері не дейді? Stan.kz тілшісі "үйде отырған" әкелердің тұрмыс-тіршілігіне шолу жасап, өнер өкілдерінің пікірін сұрады.
Былтыр танымал продюсер Баян Мақсатқызы мен кәсіпкер Тұрсен Алагөзов екі қыздың ата-анасы атанды. Продюсер қыздары дүниеге келгеннен кейін екі күннен соң кино түсіруге кеткен. Бірақ жолдасының бала күтіміне байланысты декрет демалысына шыққанын айтқан еді.
“Қазір Тұрсен декрет демалысында отыр. Ол тіпті үйден шықпайды. Алғашқы 15 күн мүлдем үйден шықпай қойды. Ал мен екінші күні киноға түсіп кеттім. Менің амалым болмады. Ол үнемі қорған болғысы келеді. Барлық әкелік қасиеттерін көрсетіп жатыр. Біресе әңгіме айтады, біресе әзілдеп қояды. "Олар менің әкесі екенімді білуі керек, иісімді, дауысымды тануы керек" деген уайыммен жүреді. Тұрсен әлі маска тағып жүр. “Маскасыз жүрсең, қыздар сені танымай қалады” деп қалжыңдап қоямын. Үйде кішкентай монитор бар. Сол жерде қыздарымыздың бөлмесі көрініп тұрады. Түні бойы соларға қарап жатады. Жауапкершілігі мол адам. Ол тіпті қызымызды бесікте қатты шайқаған күтушіні жұмыстан шығарып жіберді", – деген еді Баян Мақсатқызы.
Одан кейін декрет демалысында отырған тағы бір әнші – “91” тобының солисі – Дулат Мұхаметқалиев. Көпшілікке ZAQ есімімен танылған өнер иесі сәбиінің күтімімен өзі айналысып жатқанын жасырмады.
"Негізі, бала дүниеге келгеннен кейін үйде отырған дұрыс екен. Менің келіншегім өте ауыр босанды. Сол үшін де мен үйде болғанды жөн көрдім. Келіншегімнің де, қызымның да жағдайын жасадым. 6 айға декретке шығып, отбасыммен бірге болуды қаладым. Қызым өмір бойы кішкентай болып қалмайды. Сол үшін де әр сәтін жіберіп алғым келмеді. Бір жасқа толғанша қызымның жанында боламын. Жарымның қалпына келуіне де 3-4 ай уақыт кетті. Сонымен 6 ай дегенім, бір жылға дейін ұзарып кететін сияқты. Қызым қазір 8 айға толды. Alem-нің ұлы екеуінің арасы – 18 күн. Декрет төлемін алған жоқпын. Өйткені ресми жұмыс істемеймін. Зейнетақы қоры дегендер жоқ. Сол үшін де ақша алмадым. Ер адамдардың декретке шыққанын қолдаймын. Ол өте дұрыс шешім. Қаржылық жағдай жетіп тұрса, отбасының жанында болғаны дұрыс. Ол кезеңде сен балаңа да, әйеліңе де керексің. Декрет демалысы мені қатты есейтіп жіберді”, – деді ZAQ “Айқап” подкастына берген сұхбатында.
Аталған топтың тағы бір мүшесі Alem де ұлының күтіміне байланысты үйде отырғанын айтты. Өнер иесі декрет демалысында отырса да, шақырған жерге баласымен баратын көрінеді. “Мен ұялдым” подкастына ұлы Таймен бірге келді.
“Мен үнемі жұмыста жүретін әке болғым келмейді. Ұлымның қасында болатын адам болғым келеді. Вероника жұмыстарымен жүр. Ұлым екеуміз шақырған сұхбат-подкастардың бәріне барамыз. Сөмкесін бірге алып жүремін. Ішінде орамалы мен киімдері, жейтін тамақтары бар. Бөтелкесіне сүт құйып аламын. Анасы да қарайды. Баланың алдында ата-ана міндеттері тең деп ойлаймын. Әйеліме қатты қолдау көрсеттім. Соның арқасында босанғаннан кейінгі әйелдерде болатын күйзеліске түспеді. Босанғанына 8 ай өтті. Негізі, организм қалпына келу үшін 2 жылдай уақыт кетеді екен. Әлі де қолдау білдіріп, көңілін табуға тырысып жүрмін. Тайдың алдындағы жауапкершілігіміз бірдей”, – деді Alem.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Медеу Арынбаев балаға әкесі анасындай қарай алмайтынын айтып, декретке шығатын әкелерді қолдамайтынын жеткізді.
“О заманда бұ заман ер адам бала бағып үйде отыр дегенді естімеппін. Тіпті, ондай заң шыққанын да білмеймін. Мен үйде отыратын әкелерден шошимын. Табиғатыма жат дүние екен. Жарым Айгүл дүниеден озғанда балалар кішкентай болды. Жалғызбасты әке болып, балаларымды аяқтандырдым. Сол кезде анам, қарындастарым, әпкелерім келіп, көмектесті. Жаңа туған ана баласын күйеуіне бақтырмай-ақ ата-енесін, өз анасын шақырғаны дұрыс. Балаға әке анасындай қарай алмайды. Бала туғаннан кейін әкенің үйде отырып, бала қарауы дұрыс емес деп есептеймін. Ер адам түзде жүреді. Өнер адамы болғаннан кейін концерт пен той-томалаққа бармай тұрмайсың. Сондықтан, әкенің міндеті – бала-шағасын аш қалдырмай, ақша табу. Бала бағу, үй тірлігі әйелдікі болғаны дұрыс. Өмір де сол заңдылыққа сай құрылған”, – дейді Медеу Арынбаев.
Үйде отыра алмайтын әкелердің бірі – актер, Тәуекел Мүсілім. Кино жұлдызы декрет демалысы отбасындағы жағдайға байланысты екенін жеткізді.
“Әкелердің декретке шығатынын естіп жүрміз. Отбасында түрлі жағдай болуы мүмкін. Екеуара келісім нәтижесінде шешім қабылданады. Өз отбасымды айтатын болсам, үш ұлым дүниеге келгенде декретке шығуды ойламадым. Төртінші сәбиіміз дүниеге келсе де, декретке шықпайтын сияқтымын. Әйелім өтініш айтса да, орындамаймын-ау. Орнына бала күтушісін жалдап, мәселені шешер едім. Үйде отыра алмаймын. Түрлі жобаларға шақырту келіп жатыр. Киноға түсіп жатырмын. Мен үйде отырсам, бала-шағамды кім асырайды?! Сол үшін тынбай, үй көрмей еңбек етуге тура келеді.Бала күтімін әйелдің мойнына артып тастау дұрыс емес. Үйде болғанда балаларымның жөргегін алмастырып, суға түсіріп деген шаруаларды істей беремін. Декретке шығатын әкелерді сөкпеймін”, – деді актер.