Экономика

Қазақстанда бір АЭС салу үшін кемі 14 млрд доллар керек

11:53, 27 маусым 2025 23

 

Қазақстан Республикасының Атомдық энергия жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салу кемінде 14 млрд долларға түседі, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Парламент кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген Сәтқалиев АЭС құрылысының нақты құны әзірге белгіленбегенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде осындай деңгейдегі АЭС-тер дәл осындай сомаға бағаланады. Қазір жобаға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Құрылыс құны техникалық-экономикалық негіздеме аяқталған соң нақты белгілі болады.

«Құны техникалық-экономикалық негіздемеге сүйеніп анықталады. Дегенмен, жаһандық тәжірибеге сүйенсек, мұндай деңгейдегі станциялардың құны шамамен 14 миллиард доллардан басталады», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы АЭС салу бойынша референдум өтті. Референдумда 7 820 204 адам дауыс беріп, 5 561 937 адам АЭС құрылысын қолдаған. Ал 2025 жылғы 14 маусымда белгілі болғандай, бірінші станцияны ресейлік «Росатом», ал екінші АЭС-ті Қытайдың CNNC компаниясы салуы мүмкін.

«Росатом» мен Қазақстан екі ВВЭР-1200 реакторын салуға арналған жол картасын да бекітті. Құрылыс шамамен 11 жылға созылып, 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз