Түрістанда облыстық дін істері басқармасы жанынан құрылған «Ынтымақ-Түркістан» клубының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Жиында «Дін мен дәстүр – зайырлы қоғам кепілі» тақырыбы қаралды. Аталған клуб облыстағы 6 діни конфессия өкілдерінен құралған.
Шараға «Ынтымақ-Түркістан» клубының мүшелері және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Жүсіпбек Қасымбеков қатысты.
Клуб отырысынв облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы төрағалық етіп, клуб мүшелері тарапынан күн тәртібіндегі мәселе және оған қоса «Діни экстремизм мен терроризм», «нашақорлық», «интернет алаяқтық», «лудомания» тақырыптары талқыланды.
Сондай-ақ, қоғамдық-саяси және діни ахуалдың тұрақтылығы, ынтымақ, бірлік, конфессияаралық келісім, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне басымдық берілді. Аталған тақырыптар бойынша Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов, Шымкент және Түркістан епархиясының шіркеу және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Александр Могилевский, «Шымкент епархиясының Түркістан қаласындағы Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Смольянов, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Жүсіпбек Қасымбеков және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директорының орынбасары Елдос Бориев баяндама жасады.
«Елуліктер толық інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Павел Семлянских қоғамдағы өзекті болып отырған нашақорлық мәселесіне тоқталып, өз пікірін білдіріп, қоғам дертімен бірлесе күресуге шақырды.
Ал, «Жетісай қаласының інжілдік мәсіхші-баптистердің қауымы» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Валерий Братан қоғамдағы бейбітшілік мәселесі бойынша өз пікірімен бөлісті.
Жиын соңында клуб отырысын тоқсанына кемінде 1 рет өткізу мәселесі келісіліп, облыс тұрғындарына өзекті мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына баса назар аударатын болып тарқасты.