$ 452.12
€ 508.95
₽ 5.41

«Туысымыз тізімде жоқ па?»: профессор Каспийдегі оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Редактор
28.09.2026, 08:55
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Оның сөзінше, Айнар Ахметов – өзінің туысы

Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде өз күшімен жағаға шыққан сарбаздардың бірі – Батыс Қазақстан облысының тумасы Айнар Асхатұлы Ахметов. Бұл туралы профессор Дәметкен Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Оның сөзінше, Айнар Ахметов – өзінің туысы. Сарбаз Каспийдегі оқиға кезінде өз күшімен жағаға жетіп, қасындағы әскери қызметшіге де көмектесуге тырысқан.

«Ол өз күшімен жағаға аман шыққан және қасындағы жолдасына көмектескен, бірақ оны алып шыға алмаған», – деп жазды Дәметкен Сүлейменова.

Профессордың мәліметінше, Айнар Ахметов Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Тоғанас елді мекенінен. Оның әкесі – II топтағы мүгедектігі бар азамат, анасының денсаулығында кінәрат бар әрі көпбалалы ана.

Туыстары қазір сарбазбен толыққанды байланыса алмай отырғанын айтады. Дәметкен Сүлейменованың жазуынша, Айнар кеше кіші қарындасымен небәрі 1-2 минут сөйлескеннен кейін байланыс үзілген.

«Қазір желіде тірі қалғандар үш сарбаз деп көрсетілуде. Біздің туысымыз сонда тізімде жоқ па, бұл қалай? Айнар кеше сөйлескенде дірілдеп, дұрыс сөйлей алмай тұрған сияқты деп қарындасы айтып отыр», – делінген жазбада.

Дәметкен Сүлейменова осыған байланысты Айнар Ахметовтің жағдайы мен оның аман қалған әскери қызметшілердің ресми тізіміне енгізілген-енгізілмегені жөнінде нақты ақпарат беруді сұрап отыр.

Айта кетейік, Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғаға байланысты арнайы комиссия жұмыс істеп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ал әлеуметтік желіде тараған сарбаздарға қатысты мәліметтер ресми органдардың ақпаратымен нақтылануы қажет.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау