Семейде жаңа туған сәбиінің өліміне кінәлі деп танылған 26 жастағы әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал баланың анасы рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға қыста болған. Жаңа туған қыз баланың денесі қоқыс контейнерінен табылған. Тергеу барысында әйелдің жүктілігін айналасындағылардан жасырып, үйінде босанғаны анықталды. Кейін ол сәбиінің өлі туғанын айтқан. Алайда сараптама нәрестенің суықтан көз жұмғанын көрсетті.
Тергеу дерегінше, сәбиді қоқыс жәшігіне оның әкесі тастаған. Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылардың екеуі де ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Сот оларды арнайы атақтарынан айырды.
21 жастағы ана екі жылға бас бостандығынан айырылғанымен, рақымшылыққа ілікті. Ал 26 жастағы әкеге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Нияз Хасенбаев.
Осылайша, жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты.