Қазақстан қор биржасында (KASE) АҚШ долларының бағамы төмендеп, ұлттық валюта нығая түсті. 16 қазандағы сауда-саттық барысында доллардың орташа бағамы 451,40 теңгеге дейін түсті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, 16 қазан күні сағат 11:00-дегі жағдай бойынша АҚШ долларының орташа сараланған бағамы 451,40 теңгені құрады. Ал Қазақстан Ұлттық банкі осы күнге белгілеген ресми бағам бойынша бір доллар 454,14 теңгеге тең. Осылайша, биржадағы көрсеткіш ресми бағамнан 2,74 теңгеге төмен қалыптасты.
Доллар бағамының төмендеуі теңгенің АҚШ валютасына қатысты нығайғанын көрсетеді. Дегенмен биржадағы валюта құны күн бойы өзгеруі мүмкін. Сондықтан сауда-саттық аяқталғанға дейінгі көрсеткіштер түпкілікті бағам болып саналмайды.
Айта кетейік, валюта айырбастау пункттеріндегі доллардың сатып алу және сату бағамдары биржадағы көрсеткіштен өзгеше болуы мүмкін. Оған нарықтағы сұраныс пен ұсыныс, сондай-ақ қаржы ұйымдарының ішкі бағам саясаты әсер етеді.