$ 473.4
 539.39
 6.07

Түркістандық депутат Қытай азаматшасын зорлады деген күдікке ілінді

Редактор
28.07.2026, 15:18
Әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден
Істің мән-жайы анықталуда.

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тексеру жүргізілуде, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Halyqstan телеграм каналының жазуынша, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен. Оның айтуынша, өзі Қытай Халық Республикасының төрт азаматы – әлеуетті инвесторлармен бірге Бәйдібек ауданындағы Байжансай ауылына келген. Шетелдік кәсіпкерлердің өңірдегі қорғасын-мырыш кенін игеру жобасына қызығушылық танытқаны айтылады.

Арызда қонақтарды аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев қарсы алып, бірге жүргені және кейін олардың демалысын ұйымдастырғаны көрсетілген.

Сондай-ақ арыз иесінің мәлімдеуінше, депутат 34 жастағы Қытай азаматын өз көлігімен елді мекеннен тыс жерге апарып, оның еркінен тыс жыныстық сипаттағы әрекет жасаған.

Басылым дерегіне сәйкес, аталған факті бойынша Бәйдібек аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Істің мән-жайы анықталуда.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен Ерғали Аманбаев бір жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған болатын.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары ресми қорытынды жариялаған жоқ. Күдікті тұлғаның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана дәлелденеді.