Түркістан - еліміздегі көпұлтты облыстардың бірі. Бүгінде өңірде 50-ден аса ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Жалпы облыстағы халық саны бүгінде 2 154 041-ді құрап отыр. Оның 237 мыңнан астамы Түркістан қаласында, қалғаны түрлі аудандарда тұрады.
Облыстағы халықтың басым бөлігі, яғни, шамамен 75 пайызы қазақтар. Бұдан кейінгі орында өзбек ұлтының өкілдері. Облыста 400 мыңға тарта өзбек ұлтының өкілі өмір сүруде. Оның 72 мыңдайы облыс орталығында тұрады.
Түркістан облысында тәжік ұлтының өкілдері де аз емес. Олардың саны 40 389 адам. Бұдан кейінгі орында орыс ұлтының өкілдері. Яғни, шаһарда жалпы саны 28 мыңнан аса орыс тұрып жатыр. Оның мың жарымнан астамы діни орталық Түркістан қаласында өмір сүруде.
Көпұлтты Түркістан облысында әзірбайжандар да жетерлік. Олардың саны 23 мыңнан асады. Ал, түріктер бұдан 2 есе аз. Яғни, шамамен 12 мың.
Облыста бұдан бөлек украин, ұйғыр, кәріс, неміс, қырғыз, қарақалпақ, шешен, түркімен, грек, башқұрт, белорус, армян ұлтының өкілдері де тату-тәтті өмір сүруде.
Мұнда халқы ең аз ұлттар алтайлықтар, эстондар және караимдар. Яғни, облыс бойынша 12 алтайлық, 12 эстон ұлтының өкілі және 11 караим тұрып жатыр.
Айта кетерлігі, Түркістан облысының 635 тұрғыны ұлтын көрсетпеген.
50-ден аса этнос өкілі өңірде бейбітшілік пен ынтымақта, ешқандай кикілжіңсіз өмір сүруде.