Деструктивті діни ағымдар туралы пікірімен Түркістан облысы Дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ теолог маманы Дінмұхаммед Зиябек бөлісті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Оның айтуынша жат ағымдар отбасы мен қоғам бірлігінің қас жауы.
Маманның сөзінше, қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің дамуы адамдардың ой-санасына әртүрлі идеялар мен көзқарастардың тез таралуына жол ашқан. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті өз пайдасына қолданатын, қоғамға қауіп төндіретін деструктивті діни ағымдар да көбейді. Бұл ағымдар сырттай діни сипатта көрінгенімен, шын мәнінде олардың мақсаты – халықтың бірлігін бұзу, дәстүрлі рухани құндылықтарды жою және өз идеологиясын күштеп таңу дейді теолог.
Деструктивті діни ағымдардың ең басты нысаналарының бірі – отбасы. Себебі, отбасы – қоғамның ең кішкентай, бірақ ең маңызды ұясы. Отбасында қалыптасқан құндылықтар, әдет-ғұрыптар мен өзара сыйластық – біртұтас мемлекеттің тұрақтылығының кепілі. Алайда деструктивті ағымдар осы бірлікті бұзу үшін алдымен отбасының ішіне іріткі салады. Олар дәстүрлі салт-дәстүрді жоққа шығарып, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты әлсіретеді. Мысалы, «Ата-анаң намаз оқымаса кәпір», «Намаз оқымайтын ата- ананың асын ішуге болмайды» деген түсінікке шақыру, ата-ананың насихатын «дінге қайшы» деп қабылдату немесе туысқандық байланысты «маңызсыз» деп түсіндіру – олардың жиі қолданатын әдістері. Нәтижесінде, ата-анаға қарсы шыққан жастар, бауырмалдық қасиетін жоғалтқан ұрпақ пайда болады, - деді Түркістан облысы Дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ теолог маманы Дінмұхаммед Зиябек.