Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайды. Бұл ретте ол интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алғанына тоқталды.
"Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы күмәнді қаржы операцияларын бақылауға алудың маңызына тоқталды. Бұл түйткіл құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмауға тиіс.
Жиын соңында президент наркотизмге қарсы күреске қоғам болып жұмылудың маңызды екенін атап өтті.
Президент нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды.