Қоғам

Түркістан облысында мүгедектерге салынған үйлер құлағалы тұр

09:25, 03 қазан 2025 39

Түркістан облысы Қазығұрт ауылындағы жағдайы төмен отбасылар мен мүгедектерге деп салынған үйлердің сапасы сын көтермейтін болып шықты. Мұнда осындай үш бірдей үйді сызат басып, тұрғындары үреймен отыр. Былтыр бір үйдің қабырғасы опырылған соң, тұрғындарды жанындағы үйлерге көшірген. Енді салынғанына 5 жыл болған олар да қирағалы тұр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Айгүл Ергешбаева осы пәтерде немерелерімен бірге тұрады. Былтыр қабырғада пайда болған сызат қазір шыбынұрғыш еркін кіріп шығатындай жарыққа айналған. Тіпті қабырғалар төбеден ажырап, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Дабыл қаққан соң келген шенеуніктер "ештеңе етпейді" деп кетіп қалыпты.

"Ертесінде хабарласты. "Мынау үйге не істейсің?" десем, "көбік құйып жөндеп берем" дейді. Көбікпен қалай тұрады? Ертең мен ауруханада жатқанымда мынау құлап, немерелерімді басып қалса не болады?! Кім жауап береді? Медеуов Нұрсұлтан, әкімнің орынбасары "бұл сегіз балл зілзалаға шыдайды" деді", - дейді Айгүл Ергешбаева.

Тұрғындар жанындағы үйден былтыр ғана көшірілген. Ол кезде үйдің едені опырылып, қабырғасы сөгіліп кеткен. Енді "қауіпсіз" деп көшірілген ғимарат та жанындағылардың күйін кешуде. Былтыр қирағалы тұрған үйлер күрделі жөндеуден өткізілген соң, төрт шаңырақ көшіп кірген. Бірақ пәтерлері қайта сызаттанып жатыр.

"Бір жағы жөндеу жасап берген үйі қайтадан сызат кетіп жатыр. Ас үй күннен-күнге жері зәк болған сайын түсіп жатыр. Қанша шырылдап айттық, менің үш балам бар, ертең балаларыма бірдеңе болатын болса, менің бір баламды қайтарып бере ала ма, халық", - дейді Зарипа Пірназарова.

Бір ауладағы үш үйдің арғысы 2019 жылы, тағы екеуі үш жыл бұрын берілген. Дегенмен осы уақыт ішінде мәселеден көз ашпапты. Қазір бұл ғимараттың жартысында тұрғындар бар, жартысының астаң-кестеңі шығып жатыр.

Елдің айтуынша, апатқа бұл үйлердің бұлақ үстіне түскені себеп екен. Себебі бұған дейін де осы жерде тұрған тұрғын үйлердің астынан су шығып, олар да құлаған.

Құлаудан көз ашпаған үйлердің астында су бар-жоғын жергілікті әкімдік білмейтін болып шықты. Дегенмен сараптама тағайындатып, мердігер мекеме іргетастың маңайын нығыздамаған әрі кәріз суы тиген соң, үй қисайған деген қорытынды шығарған.

Үй салған мердігердің кепіл мерзімі бітсе де, жергілікті билік жөндеуден өткізіп беруді мойнына алып отыр.

"Биылғы жөндеу. Биыл бюджет нақтыланып кеткеннен кейін келесі жылда толық жөнделеді. Себебі бес жылдан асып кетті. Биыл жарықшақтарды жабамыз. Керек жерін тексертеміз", - дейді Қазығұрт ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ермек Момбеков.

"Үй салған мердігерлермен соттасып жатырмыз" деген шенеуніктер, әзірге жеңіл жөндеп береміз дейді. Сөйтіп келесі жылы мәселені шешуге барымызды саламыз деп отыр. Дегенмен қай үйге кірсе де қисайып жатқанынан қорқып қалған тұрғындар қауіпсіз жерге көшкісі келеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз