$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

Түркиядағы жойқын жарылыс: 17 адам қаза тапты

Редактор
10.11.2026, 09:08
Анадолы агенттігі
Анадолы агенттігі
Кәсіпорын аумағында шамамен 200 адам болған

Түркияның Измир провинциясындағы HABAŞ металлургия зауытында болған жойқын жарылыстан 17 адам қаза тапты. Тағы бірнеше жұмысшы жарақат алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қайғылы оқиға 9 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 12:00 шамасында Алиага ауданында болған. Жарылыстан кейін кәсіпорын аумағында өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі қираған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция және медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Измир провинциясы әкімдігінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, алдын ала болжам бойынша, апат көпірлі кранның құлап, оның бөлшектері электр доғалы пешке түсуінен болған. Ал провинция губернаторы Сүлейман Элбан құлаған бөлшектер газ құбырын зақымдап, соның салдарынан жарылыс болғанын мәлімдеді.

Губернатордың айтуынша, апат кезінде зауытта жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіліп, өндіріс уақытша тоқтатылған. Кәсіпорын аумағында шамамен 200 адам болған. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 9 қараша күні үкімет отырысынан кейін жасаған мәлімдемесінде 16 адамның қаза тапқанын растады. Кейін түрік ақпарат құралдары қаза тапқандар саны 17-ге жеткенін хабарлады.

Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаның себептері мен ықтимал салғырттық деректері жан-жақты тексерілетінін айтты. Жарылысқа байланысты сотқа дейінгі және әкімшілік тергеу басталды. Тергеуге төрт прокурор тартылып, бес адам ұсталғаны хабарланды. Құзырлы органдар өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау