$ 461.26
 542.58
 6.18

Түлкібаста республикалық жастар шығармашылық байқауы өтті

Редактор
12.05.2026, 09:24
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқауға жалпы саны 90-ға жуық шығарма келіп түскен. 

Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Марапаттау рәсімі «Шынар бастау» мәдени-рухани демалыс кешенінде өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық БАҚ басшылары, ғалымдар мен аудан жұртшылығы қатысты. Алғаш рет ұйымдастырылған сайыс Түлкібас өңірінің табиғи, тарихи ерекшелігін, ана тақырыбын, туған жердің танымал тұлғаларын Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жан-жақты насихаттауға арналған. Байқаудың бас демеушісі – Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық Қордың президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай. 

 

Идея авторы – белгілі медиа және коммуникация маманы Жандар Асан.

«Байқаудың басты мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихы мен бүгінгі жеткен жетістігін, аймақтың туристік әлеуетін дәріптеу, аудандағы қасиетті орындардың бірі – «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігі мен ана тақырыбын және Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт сынды тұлғалардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпақ арасында насихаттау», – деп атап өтті Жандар Асан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқауға жалпы саны 90-ға жуық шығарма келіп түскен. Ұсынылған шығармалар «Түркібасы – айбын, байлығым, Мекемтас-биігі – тағзым-тағылым, Тұраркентім – төл ұғым, «Шынар бастау» – айдыным»  жалпы тақырыбын қамтыған.


Құрамында отандық БАҚ басшылары, тіл мамандары мен танымал журналистер болған байқау комиссиясы келіп түскен шығармаларды бірнеше критерий бойынша саралады. Атап айтқанда, ұсынылған материалдарда Түлкібас ауданының тарихы, даму кезеңдері мен перспективасы, туристік орындары, соның ішінде «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігі, ананы аялаудың ұлағаты, отбасылық құндылықтар, тарихи тұлғалар ұлағаты қамтылуы тиіс.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Асанбай Асқаров атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Ақнұр Құралбектің шығармасы лайық деп танылды. Бірінші орынға «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Аяжан Мәмет ие болды. Ал екінші орынды жас жазушы Гүлсая Рүстем мен Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі Сандуғаш Аяғанова өзара бөлісті.

Үшінші орын Абай атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Айгерім Пірімжан, Астана халықаралық университетінің студенті Жансая Бектеналы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Нұргүл Қадырбайға бұйырды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қор тағайындаған сыйақымен марапатталды.Байқауда үздік деп танылған туындылар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атауымен жарияланады.Бұдан бөлек, алдағы уақытта байқауға келіп түскен барлық шығармалар арнайы жинаққа енгізілетін болады. Айта кетейік, байқауды өткізу жыл сайын дәстүрге айналмақ.