Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарған 15 жастағы Нұрасыл Бекбатыр Президенттің қолынан алғыс хат алды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ол Алматы облысы Жамбыл ауданының Сұраншы батыр ауылындағы орта мектебінің оқушысы. Жас шабандоз 25 шақырымдық аламан бәйгеде «Айман» атты тұлпарымен мәреге бірінші жетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салған.
Qaz365.kz мәліметінше, Нұрасыл ол ат спортымен небәрі үш жылдан бері айналысады. Соған қарамастан, түрлі бәйгелерде төрт автокөлік ұтып үлгерген. Ал жарыстардан алған ақшалай жүлделерін арнайы қорға беріп отыратынын жеткізді.
«Атқа шауып жүргеніме үш жыл болды. Осы уақытқа дейін төрт көлік ұттым. Жарыстарда ұтып алған ақшаларымды қорға беріп жатырмын», – деді чемпион.
Сонымен қатар, Алматы облысы Жамбыл ауданының Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектебінің оқушысы Өмекей Санжар Берікұлы да алғыс хат иеленді.