Саясат

Тоқаев Жоғарғы сот төрағасын қабылдады

16:49, 25 тамыз 2025 51

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев мемлекет басшысының қабылдауында болып, президентке биылғы жеті айдағы сот жүйесі қызметінің қорытындылары жөнінде баяндады, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда мәліметіне сүйенсек, Асламбек Мерғалиев азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24 пайызға, яғни, 61 мыңнан 76 мыңға дейін өскенін айтты.

Олардың қатарында медиация, бітімге келу мен татуластыру рәсімдері бар.

Сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы даулар бойынша құқығын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57 пайыз) заңсыз деп танылды.

Одан бөлек ол президентке қылмыстық іс жүргізуде конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету шаралары туралы мәлімет берді.

Атап айтқанда, тергеу соттарының қамауға алуды санкциялаудан бас тарту үлесі 23 пайыздан 37 пайызға өсті. Ақталған азаматтардың саны (жеке айыптау істерін қоспағанда) 59-дан 88-ге жетті.

️Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Алғашқы айдың өзінде аталған мекемеге 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен.

Ал президент халықтың сот жүйесіне сенімін нығайту және сот төрелігінің сапасын арттыру жұмыстарын жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз