Қоғам

Дін мен дәстүр – ұлттық иммунитеттің негізі - теолог

18:49, 25 тамыз 2025 22

Дін мен дәстүр – ұлттық иммунитеттің негізі дейді Түркістан облысы Дін істері басқармасының “Дін мәселелерін зерттеу орталығының” теологы Қалжан Молдабек, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Ғасырдан ғасырға ұласқан талай заманды басынан өткерген қазақ халқы өзіне ғана тән болған ұлттық бейнесін паш етер қазақы салты мен ислами дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа тапсырып келеді. Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеу-десінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс», – деп мәні терең тұжырым айтыпты. Халықтың рухани тірегі – діні мен дәстүрі. Осы қос қазықтан айырылған ұлт тамырынан үзіліп, тағдыры тұманға айналатыны анық. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысында дін мен дәстүр бір-бірімен сабақтаса дамып, бірін-бірі толықтырып отырған. Бүгінгі күннің талабында осы тепе-теңдікті сақтап қалу – ұлттық иммунитетті нығайтудың басты жолы, - деді теолог.

Оның айтуынша, Ислам діні – қазақ халқының өмір сүру салтында терең сіңісіп кеткен рухани құндылықтар жиынтығы. Тәубе, шүкір, сабыр, ізет, қанағат сияқты қасиеттер – дініміздің негізінде жатыр дейді маман.

Сонымен қатар, ислам адами қатынастарды, әділдікті, еңбекті, білім алуды насихаттай отырып, қоғамда үйлесімділік пен бейбіт өмірді қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі ұрпақ тәрбиесінің берік діңгегі. Төрге үлкен отырғызу, бата беру, құдалық, бесікке салу, тұсау кесу – барлығы адамды құрметтеуге, ынтымаққа, ізгілікке тәрбиелейді. Бұл дәстүрлердің қайнарында дінмен астасқан рухани тәрбие жатыр. Тарих – өткеннен үлгі, танымға тара¬зы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Діни мерекелерді ұлттық нақышпен үйлестіріп, айрықша атап өту¬дің мәдениеті қалыптаса бастады. Бүгінде имам-молдалар тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды. Ұлттық иммунитет неге қажет? Қазіргі жаһандану заманында ұлттың болмысына сырттан түрлі идеологиялар мен жалған құндылықтар әсер етуде. Осындай алаңдаушылық туғызатын кезеңде ұлттық иммунитет – яғни, ұлттың өзіндік санасы, рухани тұрақтылығы, тарихи жады мен дәстүрлі өмір сүру салты қорған болып табылады, - деп атап өтті Қалжан Молдабек.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз