Қоғам

Тоқаев ғарыш саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне үндеу жасады

10:55, 02 маусым 2025 33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына орай арнайы үндеу жолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

1957 жылы дәл осы жерден алғашқы жасанды жер серігі ұшырылып, адамзат тарихында ғарышты игеру дәуірі басталғанын еске салды. 1961 жылы Юрий Гагарин дәл осы Байқоңырдан көкке көтерілді.

Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұтамыз. Халқымыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанды.

Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады. «Байқоңыр» айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі, – деді мемлекет басшысы.

Президент еліміздің ғарыш саласындағы жетістіктерін атап өтіп, Байқоңырды халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми прогрестің орталығына айналдыру жолындағы жоспарларды тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Тоқаев Байқоңыр қаласының тұрғындарына ерекше алғысын білдіріп, олардың табанды еңбегі мен тарихи мұраны сақтау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

Осы орайлы сәтті пайдаланып, Байқоңыр қаласының тұрғындарына айрықша алғыс айтқым келеді. Сіздер табанды еңбек етіп, ғарышты зерттеу ісінің ізашарларынан қалған мол мұраны мұқият сақтап келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық. Ғарыш саласы бүкіл адамзатты әрдайым ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңашылдық пен ғылыми-техникалық прогреске бастайды. Байқоңыр алдағы уақытта да ұлы жаңалықтар мен озық инновациялардың қайнар көзі бола береді деп сенемін! Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! – деді президент.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз