Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшыларды мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
9 қарашада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңісі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырғанын атап өтті.
«Сіздер құрлықтың ең мықты спортшылары қатысқан дүбірлі дода кезінде ел намысын қорғап, жүзден жүйрік шықтыңыздар! Ұлттық құраманың табанды еңбегінің арқасында Азиада төрінде рухты Әнұранымыз шырқалды, көк Туымыз биікте желбіреді», – деді Президент.
Мемлекет басшысының шешімімен каратэден Азия ойындарының чемпионы Софья Берульцева «Парасат» орденімен марапатталды.
«Құрмет» орденіне велоспорттан екі алтын медаль жеңіп алған Алексей Луценко, семсерлесушілер Кирилл Проходов пен Ерлік Сертай, сондай-ақ академиялық есуден чемпион атанған Иван Чернухин мен Владислав Яковлев ие болды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен каратэші Жоламан Биғабыл, аралас жекпе-жек шеберлері Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев, велоспортшы Рината Сұлтанова, таеквондошы Тамирлан Тілеулес және семсерлесуші Вадим Шарлаимов марапатталды.
Мемлекеттік марапат параспортшыларға да табысталды. Олардың қатарында паравелоспортшылар Наиль Ермұханбет пен Анастасия Калаус, паражүзуші Диас Кенжебек, парадзюдошылар Бексұлтан Құлмырза, Ибрагим Нұрмаханұлы және Ақтолқын Сейілбекова бар. Сондай-ақ жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар тізіміне енді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 18–24 қазан аралығында Жапонияда өткен V Азия параойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Президент спортшылардың табандылығы мен жеңіске деген жігері жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, ел намысын халықаралық жарыстарда қорғаған барлық атлетке алғыс білдірді.