Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің дамуы мен қоғамдағы бірлік мәселесіне тоқталды. Президент қазақ тілін дамыту өзге тілдердің қолданысына кедергі келтірмеуі керектігін айтып, тіл мәселесін арандату құралына айналдыратындарды жауапкершілікке тарту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін нығайтатын басты фактор мемлекеттік тіл екенін атап өткенін еске салды. Оның айтуынша, қазақ тілінің мәртебесін көтеру басқа тілдерге қарсы шығу дегенді білдірмейді.
«Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал туғызуға тырысатын адамдардың әрекетін сынға алды.
«Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек», – деді Президент.
Тоқаев кез келген тілге қарсы шығуды құптамайтынын айтып, тілдерді бір-біріне қарсы қоюдың қауіпті екенін ескертті.
«Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә», – деді ол.
Президенттің сөзінше, қазақ тілі ең алдымен елді біріктіретін, ынтымақты нығайтатын тіл ретінде дамуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің әлем жұртшылығы үшін тартымды болуына күш салу қажет.
«Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды өзара сыйластықты сақтап, ел бірлігін нығайтуға шақырды.