Қоғам

«Тізім ұлғайып барады»: Астаналық дәрігерлер ата-аналарға жан айқайын жеткізді

19:29, 11 сәуір 2025 32

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындардан «103» жедел жәрдем қызметіне түскен, балалардың биіктен құлағаны туралы шұғыл шақыртулардың аудио жазбаларын жариялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Әр аудиода ата-аналардың үрейге толы дауыстары мен шұғыл көмек сұраған жанайқайы естіледі. Бір жазбада ер адам екі жасар баланың жатақхананың жоғарғы қабатынан құлап кеткенін айтып, жедел жәрдемді тез арада шақыруды сұрайды. Тағы бір қоңырауда хабарласқан адам екі жасқа толмаған баланың көпқабатты тұрғын үйден құлап кеткенін жеткізеді. Диспетчердің «Бала есін жиды ма?» деген сұрағына: «Жоқ, ес-түссіз жатыр!» деген жауап естіледі. Бала жасы шамамен 1,5–2 жас деп көрсетілген.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аудио жазбаларды жариялаудағы мақсат — ата-аналарға балаларының қауіпсіздігіне мұқият болудың маңызын жеткізу. Көктем мен жаз мезгілдерінде терезелер ашық тұратын уақытта мұндай жағдайлар жиілеп отыр.

«Біз тек үндеу жасап отырған жоқпыз, үлкендерді балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауға жалбарынып сұраймыз! Әсіресе дәл қазір — жылы мезгілде терезелер ашық тұрады, ал бұл биіктен құлау қаупін арттырады. Балалар жиі үйлердің шатырынан да құлап кетеді. Құрметті ата-аналар! Сіздер жедел жәрдемнің дереу келгенін қалап қалай шақырсаңыздар, біз де сіздерден сондай шұғылдықпен бала қауіпсіздігіне мән беруді сұраймыз! Бір сәттік алаңғасарлық бала өміріне қауіп төндіруі мүмкін!» — деп мәлімдеді астаналық дәрігерлер.

Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері Астанада балалардың биіктен құлауының 11 жағдайы тіркелген. Оның ішінде екі жағдайда балалар жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болса, тағы екеуі ауруханада көз жұмды.

Басқарма тек аудио жазбалармен ғана шектелмей, биіктен құлаған балаларды құтқару үшін күресіп жатқан дәрігерлердің реанимация бөлімінен бейнежазбаларды да жария етті.

Астана қаласының медицина қызметкерлері тұрғындарды тағы бір мәрте сақ болуға шақырады: баланың қауіпсіздігі — әр ересектің қолында.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз