Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында тіл мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Президенттің айтуынша, бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқиды.
Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, ол былтыр Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеткенін еске алды.
Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады, – деді мемлекет басшысы.