Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған фотосуреттерін анықтады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, TikTok әлеуметтік желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша тәрізді заттарды ұстап түскен бірнеше фотосурет жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 6 жасөспірімнің жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында анықталғандай, олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге контент үшін барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсатында емес, тек қызығушылықтан жасағандарын түсіндірді.
Аталған факт бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, олар профилактикалық есепке алынды. Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 10 сәуірден бастап республика аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл шара аясында құқық қорғау органдары рейдтік және профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, әлеуметтік желілерде де жан-жақты мониторинг жүргізеді.