Қазақстандық блогер Біржан Әшімнің әкесі Сапарғали Әшімов дүниеден озды. Қаралы хабарды марқұмның келіні, блогер Диана Әлиева Instagram Stories парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ол жазбасында қайын атасының қазасына қатты қайғырғанын айтып, марқұмның жарқын мінезі мен адамгершілігін еске алды.
«Сапарғали атамыз өмірден өтті... Қандай ауыр, айнала босап қалғандай. Жүрегім қатты жараланды. Қалай ғана бұлай болды? Сенгім келмейді. Тіпті соңғы күндерінде де әзілдеп, әрдайым көңілді, өмірге құштар қалпынан танбады. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, қымбатты атамыз», – деп жазды Диана Әлиева.
Сондай-ақ ол Сапарғали атаның өзіне әрдайым қолдау көрсетіп, туған қызындай қабылдағанын атап өтті.
«Ең жақсы ата болды. Қандай адал, ардақты адам еді. Бәрі оны жақсы көріп, құрметтейтін. Әрдайым мені жақтап, сырттан айтылған ауыр сөздерден қорғап, қолдап жүрді. Өз қызындай қабылдады. Қазір өзімді қоярға жер таппай отырмын», – деп бөлісті ол.
Айта кетейік, Сапарғали Әшімовті көпшілік әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы да таныған. Соңғы уақытта ол Instagram желісінде белсенді болып, жұмыс барысындағы әзілге толы видеоларын және күнделікті өмірінен үзінділер жариялап жүрген.
Марқұмның соңғы жазбасының астына да жақындары мен таныстары көңіл айтып, оның өнердегі еңбегі мен адами қасиеттерін еске алды. Пікір қалдырғандар Сапарғали Мұқашұлының талантты музыкант, композитор әрі ұлағатты ұстаз болғанын атап өтті.