Қоғам

Таяу Шығыстағы дағдарыс: қазақстандықтар шетелге ұша алмай қалды

14:00, 24 маусым 2025 13

Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде ресми түрде шектеулер енгізіліп, азаматтық авиацияға арналған әуе кеңістіктері жабылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Көлік министрлігінің мәліметінше, мәжбүрлі шаралар қаруды қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін жоғары тәуекелдерге байланысты қабылданған.

Соңғы мәліметке сәйкес, шектеулер келесі елдерде қолданылады:

  • Израиль әуе кеңістігі толық жабық;
  • Иран әуе кеңістігі толық жабық, (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);
  •  Ирак, Иордания, Ливан зымыран мен дрон шабуыл қаупіне сәйкес ұшуларды уақытша шектеу енгізді;
  • Кувейт, Бахрейн, БАӘ-рейстерді шектеу және тоқтату, ішінара қақтығыс аймағына жақын маршруттарды бұғаттау.

Ірі халықаралық авиатасымалдаушылар да рейстерді уақытша тоқтатты. Олардың қатарында Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada Дубай, Доха және Эр-Риядқа ұшуды тоқтатты. Qatar Airways ұшу кестесін реттейді. Etihad ресми ескерту жасады. Emirates қақтығыс аймағын айналып, ұшуды жалғастырып отыр.

Осыған байланысты қазақстандық әуе компаниялары қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Дубай мен Доха қалаларына бірқатар рейсті уақытша тоқтатты. Елімізден шетелге шықпақшы адам саны — 683 болса, шетелден елге оралатын адам саны — 1051 адам. Жалпы алғанда бұл жағдай 1 734 жолаушыға әсер етті, - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері Қазақстандық авиакомпаниялардың Парсы шығанағы елдеріне ұшуға бағытталған рейстерді тоқтата тұруы аймақтағы әскери-саяси жағдайдың күрт шиеленісуіне негізделген мәжбүрлі шара екендігін атап өтті.

Әуе компаниялары қабылдаған шешім халықаралық тәжірибеге сәйкес қабылданды. Басты мақсат — жолаушылар мен экипаж мүшелерірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар ыстық тамақпен, қонақ үй және трансфермен қамтамасыз етілді, - делінген хабарламада.

Тоқтатылған немесе кейінге шегерілген рейстер бойынша жолаушылар тегін қайта бронь қоя алады немесе әуе билеттерінің құнын толық қайтарып ала алады.

Көлік министрлігі авиакомпаниялармен бірлесіп жағдайды жіті бақылауда, қажет болған жағдайда жедел шешім қабылдап, кестені қайта қарау жұмысы жүргізіледі. Рейстер жақын арада қайта жүзеге асырала бастайды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз