Қазақстанда сыртқы қарыздарды өтеу үшін салықты көтеру қажеттілігі жоқ. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Такиев 4 қарашада Құрылтай кулуарында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Журналистер министрден халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған қарыздарды қайтару үшін салық мөлшерлемелері көтеріле ме немесе бюджет шығыстары қысқартыла ма деп сұрады. Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекет сыртқы міндеттемелерін республикалық бюджет есебінен өтеуді жоспарлап отыр.
«Жалпы, мұндай қажеттілік болмайды. Біздің республикалық бюджет қазір алып жатқан қарызды толық жабады. Бұл бюджетте алдын ала жоспарланған. Биыл, 2026 жылы бізде 4,6 триллион теңге тапшылық бар. Осы тапшылықты жабу үшін қарыз алып отырмыз», – деді министр.
Қаржы министрі халықаралық ұйымдардан тартылған қаражат бюджет тапшылығын жабуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын түсіндірді. Оның ішінде инфрақұрылымды дамыту мен денсаулық сақтау саласына басымдық берілген. Министрдің мәліметінше, биыл Қазақстан Дүниежүзілік банктен, Азия даму банкінен және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен қарыз тартқан. Аталған қаржы ұйымдарынан алынған қаражат көлемі 1,5 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар Қытай нарығында панда-облигациялар арқылы тағы 1,5 миллиард доллар тартылған.
Такиев келесі жылы да халықаралық қаржы нарықтарынан қаражат тарту жоспарда бар екенін айтты.
«Келесі жылы бюджет тапшылығы шамамен 4,5 триллион теңге болады. Оның 1,5 триллион теңгесін халықаралық қаржы ұйымдарынан тартуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Сондай-ақ министр нарықтағы жағдай тұрақты болса, Қазақстан келесі жылы еуромен қарыз алу мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді. Осылайша, Қаржы министрлігі сыртқы қарыздарды өтеу мақсатында салықты қосымша көтеру жоспарланбағанын мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдеме жалпы салық заңнамасына болашақта ешқандай өзгеріс енгізілмейді дегенді білдірмейді.