Аймақ

«Сыныптасын шампур тығып өлтірді». Қанды оқиға болған коттеджді жалға берген кім?

12:56, 27 мамыр 2025 110

Алматы облысында коттедж жалдап, көңіл көтерген түлектердің қасында ересектерден ешкім болмаған. Бұл туралы марқұм Әліби Қадырдың әжесі айтып берді деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Қырғауылды ауылындағы орта мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау өткен жұмада соғылған. Сөйтіп, қос сыныптың оқушылары мұны атап өтпек болыпты. Алайда, жастардың басқосуы бір отбасының жалғыз ұлының өлімімен аяқталды. Түлектер Долан ауылындағы коттеджді жалға алған. 

Үйдің ауласында сол күннен қалған мангал, сусын мен ыдыс-аяқ әлі де жатыр. Сөйтсе, дастарханда алкогольдік ішімдік те болған көрінеді. Содан түлектердің бірі қатты мас болыпты. Артынша, ол ашуланып, кәуап пісіруге арналған темір істікті әрі-бері сермеуге кірісіпті. Ал, 17 жастағы Әліби қыздардың бірін қорғап, ашулы жігітті сабырға шақырмақ болған екен. Сол сәтте сыныптасы қолындағы темірді оның жүрек тұсына сұғып алыпты.

 Коттеджге өздері барған. Қасына ешкім бармаған-ау – мұғалімдерден де, ата-аналардан да ешкім болмаған. Далада шу шыққан кезде бұл шыққан. Ешқандай бала қалмаған. Пытырап кеткен бәрі. Қолына шампур ұстап жүрген, кәуап істеген. Әйтеуір, қатар жүрген бала ғой, бірге жүрген. "Көнер" деген ғой. Сол кезде жүрек тұсынан тығып, қайтадан алып алған, – дейді марқұмның нағашы әжесі Айдаркүл Қыдырова.

Түлектер дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда, олар келгенше жігіт көз жұмыпты. Қырғауылды ауылындағы орта мектеп әкімшілігі оқушылардың коттедж жалдап, соңғы қоңырауды тойламақ болғанын мүлдем білмедік деп отыр. Сынып жетекшісі де бейхабар көрінеді. 

Сынып жетекшілері де білмейді. Мектеп әкімшілігі де білмейді. Үйді кім жалдап, қалай не болғаны туралы ақпарат жоқ. Ол кісілер қолхат жазып берді. Жиналыс өткіздік. Барлығы: "Жоқ, жібермейміз, ешқайда бармайды, балалар үйде отырады", – деп айтты, – дейді Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің директоры Перизат Әбдібаева.

Қазір осы қанды оқиғаға  қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал, сыныптасын шампурмен өлтірген күдікті қамауға алынған. Оның ата-анасы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қыршыннан қиылған Әліби Қадыр үйінің үлкені әрі жалғыз ұлы екен. Марқұмды жақындары кеше ақтық сапарға шығарып салған. 11 сыныпты тәмәмдаған жігіт әскери оқуға түсуді армандап жүріпті. 

Кейбір деректерге сүйенсек, жалдамалы үй экс-прокурорға тиесілі.

Ол, осы көшенің бойындағы бірнеше коттеджді сатып алған көрінеді. Әрі оны үнемі жалға береді,- дейді көрші-қолаң.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз