Әнші Самат Жанғазин Қайрат Нұртасты авторлық құқықты бұзды деп айыптап отыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Даудың өзегі – «О, махаббат, ғажапсың» атты ән.
Жанғазиннің айтуынша, бұл туындыға өзі бір жылдай еңбектеніп, композитор Дәурен Шәріппен және аранжировка жасаған Азамат Сәбетовпен бірге жұмыс істеген. Ән ресми түрде авторлық құқықпен қорғалған. Самат әннің тұсаукесерін өткізіп, бейнебаян түсіріп үлгерген. Алайда, бірнеше күн бұрын бұл әнді Қайрат Нұртас орындап шыққан видеосы таралған.
«Дайын өнімімізді сұрамай алып, жаза салу дегенді қалай түсінесіздер? Бұл әнді жасап, жемісін жейміз деп бейнежазбалар түсірдік. Той-думан радиосына барып тұсаукесерін жасадық. Бір-екі күннен бері түсініксіз жағдай болды. Жұрт Қайрат Нұртастың видеосын жіберіп жатыр... Мен адамгершілікке салынып, сотқа жүгінген жоқпын. Өздерінен жауап күттім. Сторисіме жазба қалдырдым. «Авторлық құқығы қорғалған әнді де Қайратқа орындай беруге бола ма?» деп. Сұрамай, дайын өнімді пайдалану – әділетсіздік. Бұл — диханның еңбегін піскен кезінде тартып алғанмен бірдей», – деп күйінді Самат Жанғазин.
Әзірге Қайрат Нұртастың тарапынан ресми жауап берілген жоқ. Тыңдармандар арасында Қайратты сотқа беруге шақырғандар да бар.
«Сотқа жүгіну керек, қоғамдық резонанс тудырмай шешімі табылмайтын сияқты ғой, журналисттермен хабарласып, пабликтерге салып, бір шу шығару керек, тек сол кезде ғана бір шешімге келерсіздер, дайын асқа тік қасық», «Авторлық құқығы қорғалған ән, заңды жауап берілсін!», «Сотқа бер. Хайп жаса. Аудитория жинап алуға мүмкіндік» деген пікірде әншінің тыңдармандары.
Бұл оқиға қазақстандық шоу-бизнесте авторлық құқық мәселесінің өзекті екенін тағы бір мәрте көрсетті.