Бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Сот Алика Мұхамадиеваға Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Осы үкімге сай оған Қылмыстық кодекстің 74-бабы аясында жазаны орындауды кейінге қалдыру шарасы тағайындалды.
Кейінге қалдыру шарасын қолдануға оның 2 жасар баласы бары негіз болды.
"2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық заңға 5 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын жекелеген қылмыстарды қоспағанда, жас балалары бар әйелдер үшін жазаны өтеуді кейінге қалдыруды міндетті түрде қолдануды көздейтін өзгерістер енгізілгендіктен, бүгінгі күні жазаны кейінге қалдыру міндетті норма болып табылатынына назарларыңызды аударамыз", - деп қосты сот өкілдері.
Қарағанды облыстық сотының ресми Telegram арнасында хабарланғандай, 2025 жылы жазда Алика Мұхамадиева Threads-те (сараптама қорытындысына сәйкес) діни және ұлттық араздықты тудыруға бағытталған мәлімдемелер жасағаны анықталды.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, сараптамалық қорытындылар мен басқа да іс материалдары арқылы оның кінәлі екені дәлелденді.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, үш жыл алты айға бас бостандығынан айыруға және жазаны жүзеге асыруды екі жылға кейінге шегеруге үкім шығарды.