Қоғам

Сорымызға айналған Сорбұлақ: депутат кәріз сулары жиналатын көлдің мәселесін үкімет деңгейінде шешуді сұрады

15:41, 10 қыркүйек 2025 30

Кәріз сулары жиналатын Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің мәселесін шешпесе, арты алапат апатқа әкелуі мүмкін. Мәселені бүгін Мәжілісте депутат Данияр Қасқарауов көтерді, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Ол депутаттық сауалында, Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында су мәселесіне тоқталғанын атап өтіп, еліміздегі айдын-көлдердің ахуалына назар аударатын уақыт жетті дейді.

Әсіресе, жылдар бойы айтылып жауыр болса да, әлі күнге шешімін таппаған Сорбұлақ мәселесі өзекті болып отыр.

Кәріз сулары жиналатын бұл көл Алматы облысы, Іле ауданында орналасқан. Алматы қаласының қалдықтары төгілетін шұңқыр 37 жылдан бері жергілікті тұрғындардың тынысын тарылтып, кенезесін кептіріп отыр. Халық шулап, экологтар қанша дабыл қақса да жергілікті биліктің бұл мәселені шешуге құлқы жоқ. Әсіресе жаз мезгілінде Сорбұлақтан шыққан жағымсыз иіс жан-жаққа таралып, жақын маңдағы ауыл-аймақты түгел тұншықтырып жатыр - деді депутат.

Бұған қоса, Сорбұлақ көліндегі су құрамында зиянды химиялық заттар, ауыр металдар мен органикалық қалдықтар бар. Айтуынша, бұған биыл шілде айында жүргізілген зерттеу нәтижесі дәлел. Қасқарауовтың айтуынша, су құрамында 31 түрлі химиялық заттар мен ауыр металдар бар екен.

Зертханалық тексеріс кезінде кадмийдің мөлшері қалыпты нормадан төрт есе көп екені көрсетілген. Бұл дабыл қағатын жәйт. Өйткені кадмий көзге көрінбейтін у. Оның буы өкпе, бүйрек, ішкі құрлыс, жүйке жүйесі мен сүйекті зақымдап, онкологиялық аурулар тудыруы мүмкін. Бұл радиация адам ағзасында жылдар бойы жиналады. Демек Сорбұлақтың айналасындағы ауыл тұрғындарының денсаулғына зиян келіп жатыр деп айтуға толық негіз бар, - деп алаңдаушылық білдірді Данияр Қасқарауов.

Айта кетейік, Сорбұлақ көлінің сыйымдылығы шамамен 1 млрд текше метр. Алматы агломерациясы өскен сайын, кәріз суы да көбейген. Тиісінше Сорбұлақ та тола бастады. Қазір онда 750 млн текше метр су жиналған. Яғни, Сорбұлақтың арнасынан асып кету қаупі жоғары. 

Табанындағы топырақ тұрақсыз, су астындағы шөгінділер жылжып жатыр деп дабыл қағуда экологтар. Нөсерлі жауын-шашын, көктемгі су тасқыны немесе қуатты зілзала болса Сорбұлақ арнасынан асып кетуі мүмкін. Бетін аулақ қылсын, мұндай жағдай болса Ақши, Күрті ауылдарын тасқын шайып кету қаупі бар. Тіпті лас су Іле, Балқаш, Қапшағай көлін ластап, үлкен экологиялық апатқа соқтырады. 1988 жылы дәл осы кәріз сулары жиналатын Жаманқұм бөгеті бұзылып, 13 адамның қаза тапқанын бәріңіз білетін шығарсыздар? Осы апаттан кейін Алматының қалдық сулары Сорбұлақ шұңқырына құйыла бастады, - делінген депутаттық сауалда.

Сондықтан сорымызға айналған Сорбұлақтың мәселесін Үкіметтік деңгейде қолға алу керек дейді халық қалаулысы.

Ол үшін Сорбұлақтың суын, құрамын, деңгейін, қауіптілігін тексеретін мемлекеттік комиссия құру қажет. Оның құрамына экологтарды, осы саланың мамандарын, сарапшыларды және тәуелсіз зертхана өкілдерін қосу керек. Себебі су құрамын және ондағы қауіпті химиялық элементтердің мөшерін анықтаумен «Алматы Су» мекемесінің өздері айналысып жүр. Бұл көл осы мекеменің балансында болғандықтан олар объективті қорытынды шығармайды. Қазақша айтқанда өз қолдарын өздері шаппасы анық, - деді ол.

Бұған қоса, республикалық бюджеттен қаражат бөліп, кәріз суларын тазартатын заманауи станциялар салу керек. Лас қалдықтарды сүзгіден өткізіп барып Сорбұлаққа құю қажет. Сонда қолқаны қабатын сасық иіс жоғалып, тұрғындардың тынысы ашылады дейді Қасқарауов.

Сорбұлақтың суына сіңіп кеткен қыруар қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеріп, мемлекеттік аудит жүргізу керек. Өйткені Сорбұлақты тазартамыз деп талай жоба басталған. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Бөлінген қаржы көлемі мен қалай игерілгені туралы мүлде ақпарат жоқ. Ақшаның сайда саны, құмда ізі жоқ. Сорбұлақтың суын ортайтып, тиімді пайдалау  үшін Су шаруашылығы және иррегация министрлігімен біресіп жоба дайындау керек. Қажет болса канал салып, суды ауылшаруашылық мақсатқа пайдалануға болады. Осы арқылы Алматы обысындағы суармалы жердің көлемін арттырып, шаруаларға қолайлы жағдай жасаймыз, - деген ұсыныс айтты.

Мәжіліс депутат бұл тек Іле ауданы емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе екенін атап өтті. Сондықтан Сорбұлақ проблемасын Үкіметтің ерекше бақылауына алу қажет деп санайды.  

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз