Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Біржан ауылдық округіне қарасты Шұбырағаш аумағында қамыс пен құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
ТЖМ мәліметінше аймақ батпақты жерде орналасқандықтан, өртті сөндіру жұмыстарын жүргізу қиынға соғып отыр. Сондай-ақ, қатты жел де кедергі келтіріп отыр. Жел екпіні секундына 19–20 метрге дейін жеткен.
Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы, ЖАО жеке құрамынан 85 адам және 15 бірлік техника жұмылдырылды. Сондай-ақ Қазақстан ТЖМ мен ЖАО авиациясы тартылды. ТЖМ әуе кемесінің бортында 12 құтқарушы бар. Барлық қажетті жабдықтар жүктелген. Авиацияны пайдалану жету қиын жерлерге жедел баруға, ауадан жағдайды барлауға және өрт ошақтарын тиімді жоюға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тікұшақты жанармаймен қамтамасыз ету үшін арнайы жанармай таситын көлік жолға шықты.
Қазір өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.