Бүгін таңғы сағат бесте Ербаян ата-насымен бірге екінші кезеңдегі емді – толыққанды оңалту курсын қабылдау үшін Стамбулға ұшып кетті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бұл туралы адвокат Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Бұл кезең ол үшін шешуші сәт болмақ, сондықтан бәріміз бірге ұлымызға сәттілік пен жолының болуын тілейік. Соңғы бір жылда Ербаян тек ата-анасының ғана емес, бүкіл халықтың сүйікті перзентіне айналды. Оның тағдыры мыңдаған адамның жүрегін тебірентті. Егер алғашқы операция мен емдеу халықтың қолдауымен жүзеге асса, бұл жолы үлкен көмекті мемлекет көрсетті: арнайы портал арқылы үш айға созылатын қымбат әрі аса маңызды оңалтуды қаржыландыру бөлінді. Ал ұшуды Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп ұйымдастырды», - деп жазды ол.
Сондай-ақ ол Ербаянның ата-анасы атынан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға және генерал Қайрат Үмбетовке көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтты.
«Мені жиі сұрайды: «Ербаян үшін не істеп жатырсыз?» деп. Мен сөзбен емес, нәтижемен жауап бергенді жөн көремін. Қоғам назарын аудару, мемлекеттік органдардың қатысуына қол жеткізу, осындай ем ұйымдастыру – бір күннің шаруасы емес. Бұл ұзақ келіссөздер мен табандылықты, жүйелі жұмысты талап етті. Артық дабырасыз, бірақ нақты нәтижемен атқарылған жұмыс болды.
Мен шын жүректен қуаныштымын: Ербаянға қатысты мемлекеттік құрылымдар дұрыс шешім қабылдап, қолдау көрсетті. Нақ осындай қадамдардан шынайы өзгерістер басталады. Алда бізді үш айлық кезең күтіп тұр, ол бізді арманымызға – Ербаянды аяғынан тік көріп, оның дауысын естуге жақындатады.
Оңалтуды әрі қарай жалғастыру да мүмкін: ол үшін алғашқы кезеңнен кейін халық жинаған қаражаттың бір бөлігі бар. Толық сауығып кету үшін қанша уақыт қажет болатынын ешкім дөп басып айта алмайды.
Бірақ мен адамдардың қолдауы, батасы және ата-анасының жігері арқылы біз сол күнге міндетті түрде жетеміз деп сенемін», - деп жазды ол.