Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың қазасына қатысты басты сот талқылауы басталды деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Алдымен судья процеске қатысушылардан осы іс бойынша сот аяқталғанша бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме бермеуді өтінді.
10.00-ге белгіленген сот отырысы шамамен 40 минутқа кешігіп басталды. Бұған адвокаттардың бірінің кешігіп келуі себеп болған.
Айыпталушылар қатарында 9 жігіт. Күдіктілердің екеуі адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша айыпталып жатыр. Ал, 6 жігіт бұзақылық бабымен, тағы бір кәмелетке толмаған күдікті қылмыс туралы хабарламағаны үшін сотқа тартылған.
Алдын-ала сот отырысында қатысушылардың пікірлерін ескере келе бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Сот отырысынан онлайн трансляция жүргізіледі.
Сот істі алқабилердің қатысуынсыз қарау туралы қаулы етті.
Істі қарау Талдықорған қаласында жалғасады. Соттың алдын-ала тыңдауы кезінде тараптардың бірі судьяға сот отырысын Алматы облысы Қарасай аудандық сотының ғимаратында өткізу туралы өтініш жасаған. Сот қаулысымен сот процесі одан әрі де Талдықорғандағы Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралатын болды. Бұған Алматы облысында тергеу изоляторының болмауы себеп деді судья Ержан Жанұзақов.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат былтыр қазанда кісі қолынан қаза тапқан еді. Азық-түлік дүкенінен шыққан жанжалдың арты жаппай төбелеске ұласып, жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмған.