Белгілі заңгер Мейірман Шекеев өзінің Instagram-дағы парақшасында Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталған Думан Ысқақтың бостандыққа шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, Шерзат ісі бойынша апелляциялық сот 18 тамызда сағат 11:00-де Алматы облысы сотының ғимаратында өтеді.
— Сонымен қатар, Думан Ысқақ бірінші сатыдағы үкімдегі жазаны өтеп қойғандықтан Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың 2025 жылғы 23 шілдедегі сот қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, қамаудан босатылды, – дейді заңгер.
Айта кетейік, судья Ержан Жанұзақов прокурорлар сұраған жазаны берді. «Адам өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу», «Бұзақылық» баптары бойынша Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айырды. Қалғандарын 7 жылдан 20 жылға дейін түрмеге кесті. Кәмелетке толмаған Д.Ысқаққа бір жарым жыл берді.
Сонымен қатар, судьяның үкімі бойынша Шынасыл Абзалдан жәбірленушілерге - 60 млн теңге, Сакиевтен 30 млн теңге, басқа сотталушылардан 30 млн теңге өндіріледі. Кәмелетке толмаған сотталушы моральдық өтемақыдан босатылған.