«Талғар трагедиясы» аталып кеткен атышулы іс бойынша сотталғандардың бірі рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Бұл туралы депутат Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Заңгердің айтуынша, адам өліміне әкеліп соққан қылмыстық істерге рақымшылық актісі қолданылмайды. Оның ішінде адам өліміне әкеп соққан бұзақылық қылмыстар да кіреді. Дегенмен, қылмысты хабарламау бабы бойынша істі болғандар рақымшылыққа енуі мүмкін.
Бұл ретте Шерзат Полаттың өліміне қатысты ісі бойынша сотталған 9 адамның біреуі – Думан Ысқақ рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Ол қылмыстық кодекстің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Еске сала кетсек, Мәжіліс қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдағанын хабарлаған болатынбыз. Ол бойынша 15 мың адам бостандыққа шығуы мүмкін.