Қоғам

«Шалбарды шешуді талап еткен»: Дикий Арманның қорғаушысы құқығының тапталғанын айтты

15:05, 13 наурыз 2025 21

Қостанай қаласындағы №76 тергеу изоляторында адвокаттардың құқығы өрескел бұзылып, олардың ар-намысына тиетін әрекеттер жасалып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Адвокат Талғат Есімовтың айтуынша, изоляторға кірер алдында қорғаушылардан шалбарларын шешуді талап еткен.

Мұндай масқара елдің басқа изоляторларында жоқ. Бұл – адвокаттарды былай қойғанда, адамның ар-намысына қол сұғу. Күзет қызметкерлері бізден тіпті механикалық сағатты шешуді сұрайды. Ішкі істер министрлігі, ҚАЖК (Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті) мен адвокатура арасында адвокаттардың механикалық сағат тағуына рұқсат беретін меморандум бар. Ал шалбар шештіру – Қостанай ҚАЖД қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің жаңа деңгейі. Осы әрекет арқылы адвокаттарды қамаудағылармен теңестіріп отыр. Біз ІІМ мен ҚАЖК-нен лайықты реакция күтеміз, – деп жазды қорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасына.

ҚАЖД қызметкерлерінің бұл әрекетін «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Амангелдиевтің адвокаты Виктор Кривоносов та растап, 30 жылдық адвокаттық тәжірибесінде бұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп отырғанын айтты.

Кеше маған «шалбарыңды шеш» деді. Жарайды, аяқ киімді шешеміз, оны түсінемін. Бірақ шалбар ше? Онда маған «трико киіп кел, сонда тексермейміз» деді. Бүгін трико киіп келдім, жұмысқа бұлай келу маған ұят. Бірақ бұл қорлайтын процедурадан құтылудың жалғыз жолы болды. Алайда ол да көмектеспеді – одан да қатты тексерді, — деді Виктор Кривоносов.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз