Талдықорғанда жалғасып жатқан басты сот талқылауында марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Дүкеннің алдында 10-15 адамды көрдім. Арасында екі қыз болды. Сол жерде біреу «делайте» деп айтады. Дархан Әскентай Шерзаттың бетінен ұрды. Ол жерге құлап түсті. Бұлар Нұрқанат пен Шерзатқа жабылады. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде, Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаев қолымнан ұстап алады. «Балама тиіспеңдерші, мен анасымын» деп өтіндім. Абзал Шынасыл маған «аузыңды жап, сені де өлтіреміз» деді, – деп мәлімдеді Шерзаттың анасы.
Жәбірленуші осы іс бойынша куәгер болып танылған, бұзақылармен бірге жүрген екі қыз туралы да айтты. Оның сөзінше, Жақсыгелді мен Нұрбекова өзіне тас атқан. Олар шырылдаған ананың жедел жәрдем шақыру туралы өтінішін де елемепті.
Оқиға орнында болған екі қыз маған тас атты. Мен "сендер де анасыңдар ғой, жедел жәрдем шақырыңдар" дегенде олар түк те істеген жоқ», — деді марқұмның анасы.