Шардара ауданының дін қызметкері жағдайға бейжай қарамауды сұрап, әлеуметтік желіде видео үндеу жасады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Өзін Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округіне қарасты Қонар ата мешітінің азаншысы деп таныстырған Жүніс Сартаев есімді азамат ауданның бас имамының қызметіне қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оның айтуынша, бас имам соңғы бір жарым жыл көлемінде имамдық етіп намаз жүргізбеген. Дін қызметкерлеріне шәкірттердің көзінше дөрекі сөздер айтып, боқтап балағаттайтын болған.
— Бас имамымыздың жұма намазында құтпаға шығып, жұма жүргізгенін өз көзіммен көрмедім. Көбіне мешіттің қасындағы кеңседе телефон шұқалап отырады. Коммуналдық төлемдер келген кезде қаражатты жамағат есебінен жинатады. Кейде шәкірттердің көзінше дөрекі сөздер айтып, балағаттаған сәттері де болды. Осыған байланысты біз бас мүфтияттан араша сұрап, шара қолдануды сұраймыз, — дейді Жүніс Сартаев.
Аталған шағым бойынша Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Түркістан облысы бойынша өкілдігі арнайы комиссия құрып, жағдайды әділ әрі объективті түрде қарастыру мақсатында тексеру жұмыстарын бастап кетті.
— Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов қызметінен босату туралы өтініш бергеніне байланысты, 2025 жылдың 6 қазанынан бастап қызметінен босатылды, — делінген өкілдік тарапынан ұсынылған ақпаратта.