Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған цифрлық білім беру ресурстарын дамыту өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жетілдіруді талап етеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғалымдары «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» атты мобильдік қосымшаларды әзірледі.
Аталған жобалар Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылған. Жоба «Ақтөбе өңіріндегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қашықтан оқыту технологиясын қолдану» тақырыбында жүргізілді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мейрамгүл Есенғұлова болса, жобаға зерттеу тобы қатысты. Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы маңызды мәселені шешуге бағытталған. Себебі мұндай балалардың басым бөлігі денсаулық жағдайына, пандемиялық шектеулерге немесе отбасылық жағдайларға байланысты үйде оқуға мәжбүр. Бұл олардың әлеуметтік ортаға бейімделуін тежеп, қарым-қатынас дағдыларының дамуына кері әсер етеді.
Мейрамгүл Есенғұлованың айтуынша, жоба осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуі үшін қолайлы орта қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қашықтан оқыту технологияларын тиімді енгізу арқылы біз балалардың танымдық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ақпараттық ортада еркін әрекет етуіне жағдай жасай аламыз», – деді жоба жетекшісі.
Зерттеу барысында қашықтан оқыту технологияларының педагогтардың жұмысын оңтайландырып, балалардың оқу материалын меңгеруін жеңілдететіні дәлелденген. Сонымен қатар ақпараттың түрлі форматта ұсынылуы – визуалды, аудиалды және интерактивті түрде берілуі – балалар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік берген.
Айта кету керек, бұған дейін қолданылып келген Дэльфа-142 электронды қосымшасы мен «Виэль-Арт» интерактивті планшетінің контенті негізінен орыс тілінде ұсынылған болатын. Ал қазақ тіліндегі сапалы цифрлық материалдар жеткіліксіз еді. Осы мәселені шешу мақсатында әзірленген «Сауатты бала» және «Дыбыстар әлемі» мобильдік қосымшалары қазақ тіліндегі логопедиялық және танымдық контенттің жаңа деңгейін қалыптастырды.
«Біздің мақсат – тек цифрлық өнім жасау емес, ерекше балаларға қолжетімді, түсінікті және тиімді білім беру ортасын қалыптастыру. Қосымшалар баланың жас және психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді», – деді М.Есенғұлова.
Жоба аясында жүргізілген тәжірибелік жұмыстарға Ақтөбе өңіріндегі арнайы білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысты. Атап айтқанда, «Ақбота» арнайы балабақшасының 12 тәрбиеленушісі мен сөйлеу орталығының 20 білім алушысы қамтылды. Зерттеу нәтижелері мобильдік қосымшалардың тиімділігін көрсетті. Балалардың сөйлеу тілі, фонематикалық қабылдауы, артикуляциялық дағдылары мен грамматикалық құрылымдарды меңгеру деңгейі айтарлықтай жақсарған.
Сонымен қатар сөздік қорды белсендіру, байланыстырып сөйлеу, нұсқауларды түсіну және орындау қабілеттерінде оң өзгерістер байқалған. «Сауатты бала» қосымшасы танымдық қабілеттер мен байланыстырып сөйлеуді дамытуға бағытталған. Ал «Дыбыстар әлемі» қосымшасы артикуляциялық жаттығулар мен дыбыстарды дұрыс айтуға арналған тапсырмаларды қамтиды.
Қосымшалардағы интерактивті тапсырмалар баланың қызығушылығын арттырып, оқу процесіне белсенді қатысуына ықпал етеді. Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтарға баланың даму динамикасын қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.
«Қашықтан оқыту форматының артықшылығы – әр баламен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ата-аналар оқу процесіне тікелей қатысып, баланың даму барысын бірге қадағалай алады», – деді жоба жетекшісі
Жоба нәтижелері педагогтар мен ата-аналар тарапынан оң бағаланған. Қосымшалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуде тиімді құрал ретінде танылып отыр.Осылайша, зерттеу көрсеткендей, қашықтан оқыту технологияларын арнайы білім беру жүйесіне енгізу балалардың танымдық және тілдік дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамыту – инклюзивті білім беру жүйесін жетілдірудің маңызды қадамы.