Сара Назарбаеваның дүниеден озғаны туралы ақпарат тарады деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
Бірақ, көп ұзамай депутат бұл постын өшіріп тастаған. Артынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны туралы жазды.
Айта кетейік, 5 мамыр күні Сара Назарбаеваның сырқаттанып жатқаны туралы ақпарат тарады. Ұлттық емхананың баспасөз қызметі барлық медициналық шара бекітілген стандарттарға сәйкес жүріп жатқанын, әрі науқастың білікті мамандардың бақылауында екенін мәлімдеді.
Медициналық мекеме әкімшілігінің мәліметінше, диагнозға, денсаулық жағдайына, емдеу әдістері мен нәтижелеріне қатысты мәліметтер құпия сақталады.
Медициналық этика мен кәсіби жауапкершілік қағидаларына сәйкес, медициналық ұйымдар дербес медициналық деректермен жұмыс істеу кезінде құпиялық режимін қатаң сақтауға міндетті. Ақпаратты таратпау туралы шешім науқастың жеке өміріне құрмет көрсету, емдеу процесіне басқа біреудің араласуынан қорғау және оның заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды, - деп хабарлады медициналық мекеме.