Сенат Салық кодексіне маңызды түзетулер енгізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бүгінгі Сенат отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев талқылау барысында депутаттарға кәсіпкерлер тарапынан бірқатар ұсыныс түскенін атап өтті. Бизнес өкілдері Кодекстің кейбір ережелерімен келіспейтінін жеткізген.
Сонымен қатар, инвесторларға жағдай жасау, оларды тарту мен сүйемелдеу тетіктерінің тиімділігі жөнінде де қызу пікірталас жүрген.
Сенат комитеттері мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлермен және сарапшылармен бірлесе отырып, әрбір ұсынылған норма бойынша тығыз әрі ашық жұмыс жүргізді.
НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР:
- Фермерлер үшін прогрессивті салық енгізіледі: 230 000 АЕК-тен асатын табыс 15% мөлшерлемемен салықтандырылады;
- KASE биржасындағы дивидендтерге салықтық жеңілдік беріледі – ІЖС төлеуден босатылады (АХҚО деңгейінде);
- Банктік карточкалармен операциялар ҚҚС-тан босатылады, бұл халықаралық төлемдер мен аударымдардың қымбаттауына жол бермейді;
- Люкс тауарларға акциз (қымбат көлік, кеме, ұшақ) енді ішкі нарықтағы сатылымда да алынады. Салықты тек жеке тұлғалар төлейді;
- Шетелдік инвесторлар үшін жеңілдік сақталады – мемлекеттік облигациялар бойынша табысқа салық салынбайды;
Салық ауыртпалығы тек 2026 жылдан бастап енгізіледі – жаңа ережелер кәсіпкерлерге алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
- Камералдық бақылау бойынша ескертулерді елемеген жағдайда – электрондық шот-фактуралар уақытша тоқтатылады;
- 10 немесе одан көп мүмкіндігі шектеулі қызметкері бар кәсіпорындар ҚҚС-тан босатылады;
- Отандық баспасөз өнімдері үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10% болып бекітілді;
- Қоршаған ортаға әсер ететін нысандар үшін бұрынғы төлем мөлшерлемелері сақталды;
- Шаруа қожалықтарына тегін берілген мүлік – салық салынатын табыс ретінде қарастырылмайды.
Сенаттың ұсыныстары мен түзетулері енгізілген Салық кодексі мен оған қатысты заң жобАсы Мәжіліске қайта жолданды.