Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде қызыл әскер сарбазы Абдували Жылысбаевтың солдат медальонын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Ресейдегі Қазақстан Елшісі Дәурен Абаевқа жәдігерді ресейлік «Әскери археология» іздеу жасағының командирі Антон Торгашев табыстады. Іс-шараға РФ-ғы ҚР Қорғаныс министрлігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі аппаратының өкілдері, ресейлік іздеушілер Сергей Садовников пен Раиса Очнева, Мәскеу Собор мешітінің имамы Марат Аршабаев қатысты.
Талдықорған облысының тумасы Абдували Жылысбаев (1917 жылы туған) әскер қатарына 1939 жылы шақырылған, 1941 жылы 25 маусымда Белосток маңында қаза тапқан. Ол жетпіс жылдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болған, тек 2014 жылы «Серебряная горка» халықаралық іздеу экспедициясы кезінде оның сүйегі табылған. Дәл сол жылы қазақстандық жауынгер соғыстың алғашқы күндерінде қаза тапқан басқа да сарбаздармен бірге Хайнувка қаласындағы (Подляс воеводствосы, Польша) бауырластар зиратына жерленген.
Сол сәттен бастап 12 жыл бойы оның туыстары іздестірілген, іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеген. Тек осы кезде ғана «Ерлік-Даңқ» (Абай облысы, Қазақстан Республикасы) және «Искатель» (Тула облысы, Ресей Федерациясы) іздеу жасақтарының мұрағаттағы қажырлы еңбегінің арқасында байланыс орнатылып, туыстары табылған. ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен таяу арада Абдували Жылысбаевтың медальоны Отанына жеткізіліп, туыстарына табысталатын болады. Қазақстандық және ресейлік іздеу жасақтарының бірлескен жұмысы жалғасуда.