Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы үш жылдан бергі алғашқы тікелей келіссөздер өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
16 мамырда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер Ыстамбұлдағы Долмабахче сарайында өтті. Бұл — 2022 жылдың наурызынан бері алғаш рет екі елдің бетпе-бет кездесуі болды. Келіссөздер шамамен екі сағатқа созылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Ресей делегациясының басшысы, президент көмекшісі Владимир Мединский бірқатар уағдаластық жөнінде мәлімдеді:
- Жақын күндері Ресей мен Украина «1000-ға 1000» формуласы бойынша әскери тұтқындармен алмасуға келісті.
- Украина тарапынан Владимир Зеленский мен Владимир Путин арасында тікелей келіссөз өткізу туралы ұсыныс түсті. Ресей бұл ұсынысты «қаперге алды».
- Екі тарап та оқ атуды тоқтату бойынша болашақ мүмкіндіктерді қалай елестететінін нақтылап, өз нұсқаларын ұсынып, содан кейін келіссөздерді жалғастыруға келісті.
Кейінірек «Россия 1» телеарнасына берген сұхбатында Мединский «алдымен атысты тоқтатып, содан кейін ғана келіссөз бастау керек» деген көзқарасқа келіспейтінін айтты.
«Бұл — тарихты білмейтін адамдардың сөзі. Наполеон айтқандай, соғыс пен келіссөздер қатар жүреді. Вьетнам, Корея, Кеңес-Фин соғысында да дәл солай болды — соғыс жүріп жатқанда келіссөздер қатар жүргізілді», — деді ол.
Украина делегациясының басшысы, Қорғаныс министрі Рүстем Умеров бұл келісімдерді растады. Оның айтуынша, Киев үшін басты басымдық — атысты тоқтату және тұтқындармен алмасу.
«Сонымен қатар мемлекет басшыларының кездесуіне де дайындық жүріп жатыр», — деді Умеров.
Келіссөз өткен күні Ресей мен Украина мерт болған сарбаздардың денелерін алмастырғаны да белгілі болды. Мемлекеттік думаның депутаты Шамсаил Саралиевтің мәліметінше, Ресей 909, Украина 34 сарбаздың денесін тапсырған.
Айта кетсек, бастапқыда келіссөздер 15 мамырға жоспарланған еді. Бұл күнді Владимир Путин ұсынған. Сол күні ресейлік делегация Ыстамбұлға келсе, украиналық делегация президент Владимир Зеленский бастаған топпен Анкараға, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуге барған. Кездесуден кейін Зеленский делегацияны Ыстамбұлға жіберу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.