Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үш адам құтқарылды. Қазіргі таңда әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
«Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Осы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады», – деді ол.
Қанат Бозымбаев тергеу жұмыстары жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізілетінін атап өтті.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар мемлекет қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсетеді.
«Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – деді Қанат Бозымбаев.
Ол тергеу барысы мен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету мәселесін жеке бақылауында ұстайтынын айтты.
«Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.