Қостанай облысындағы Қабырға өзені биыл тағы да арнасынан асты. Бірақ бұл жолы жергілікті тұрғындар былтырғыдай белуардан су кешіп, әбігерге түскен жоқ. Себебі, Торғайдағы ғасырлық тарихы бар Албарбөгет тасқын суға тосқауыл болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Сақтықта қорлық жоқ. Соны ескерген еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі былтыр Албарбөгетте күрделі жөндеу жүргізуді жөн деп тапқан. Сондықтан Су ресурстары комитеті қаражат бөліп, ауқымды құрылысты жүргізетін компаниялар арасында ашық конкурс өткізді. Тендер қорытындысы бойынша осы салада көп жылдық тәжірибесі бар «TOLAGAI-2050» серіктестігі жеңімпаз деп танылып, бөгет құрылысы басталып кетті.
Еске салсақ, былтыр алапат тасқын бір жағы Көкалат, екінші жағы Қарақоға ауылына дейін созылып жатқан бөгетті бұзып өткен болатын. Бұған өткен ғасырдың басында бой көтерген Албарбөгеттің әбден тозығы жетуі себеп деді мамандар. Әрі тоң ерімей, қар жерге сіңбей, қиыншылық туғызды.
Салдарынан, топан судың республикалық маңызы бар жолдарды да шайып кеткені есте.
Торғайда көктемгі тасқын қаупі жоғары болғандықтан, Албарбөгетті тез арада қалпына келтіру маңызды болды. Мұндағы күрделі жөндеуді қолға алған құрылысшылар жұмысты былтырғы тасқын кезінде бұзылған жерлерден бастаған.
«Алдымен былтырғы су жарып кеткен жерлерді көтеріп бердік. Осы жылы қайтадан су өтіп кетпеуі үшін. Одан кейін, бөгетті көтеру жұмыстарын бастадық. Бірінші кезекте ауылдағы қауіптің алдын алдық», – деді участок бастығы Құрманғазы Бекқожаев.
Халықты қызыл судан қорғайтын бөгетте 30-ға тарта маман және қырыққа жуық техника қысы-жазы жұмыс істеуде. Экскаваторлар, фронтальды тиегіштер, бульдозерлер, виброкатоктар, самосвалдар, жанармай құю машиналары – бәрі-бәрі Албарбөгетті нығайту үшін ат салысуда.
Құрылысшылар нысанды 5 учаскеге бөлген: Арғынбай, Жырық 1, Жырық 2, Албарбөгет және Қостам. Топан суға тосқауыл боларлық бөгеттің жалпы ұзындығы 17 жарым шақырым болса, бүгінде соның 11 шақырымы қалпына келтірілген. Яғни, құрылысшылар бөгетті топырақ төсеу арқылы биіктеткен.
«Бүгінге дейін Албарбөгетті 4 метрге дейін биіктеттік. Бәрі нұсқаулық бойынша жүзеге асып жатыр», - деді «TOLAGAI-2050» ЖШС қызметкері.
Бірақ, бұл жұмысқа Қабырға өзенінің биыл да арнасынан асуы кедергі келтірмей қоймады. Сөйтіп, сәуірдің басында мұндағы қарқынды жұмысты уақытша тоқтатуға тура келді. Десе де, барлық техника мен жұмысшылар осында қалған.
Жұмыс толық аяқталмаса да, қазірдің өзінде мұндағы ауылдарға төніп тұрған қауіп жоқ дейді мамандар. Көктем жақындаған сайын бойын үрей билейтін жергілікті тұрғындар бұған дән риза.
«2024 жылдың қазан айынан бастап «TOLAGAI-2050» компаниясы осында келіп, бөгеттің бұзылған жерлерінің бәрін қалпына келтіріп, ауылды тегіс қоршады. Тұрғындарды биыл қауіптен аман-сау сақтап қалды», - деп ҚазСуШар мекемесінің өкілі Қонысбек Шойбасов алғысын жаудырды.
Айта кетейік, бөгет 100 жыл бұрын Қабырға өзенінен таситын суды жергілікті шаруалардың тиімді пайдалануы үшін салынған. Содан бері бұл жер мал баққан елдің құтты қонысына айналды. Албарбөгетті салуға кезінде халқым деп қалтқысыз қызмет еткен Айса Нұрманов есімді болыстың мұрындық болғанын жергілікті тұрғындар әлі ұмытпаған.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан Албарбөгетті қайта жаңғырту биыл желтоқсанда аяқталуы тиіс. Ал, уақытша тоқтатылған жұмыс тасқын суы кеткен соң, шамамен мамырдың ортасында қайта жанданбақ.
Бөгетті жөндеп жатқан мердігер туралы www.tolagai-2050.kz сайтынан оқуға болады. Бұл мекеме гидротехникалық, су шаруашылығы, өнеркәсіптік және инженерлік құрылыстарды салуда, сондай-ақ, тау беткейлерін нығайту бойынша мамандандырылған екен. Меншігінде 100-ден аса арнайы техника мен қызметтік көлік бар. Сондай-ақ, ел бойынша 500-ге тарта қызметкер жұмыс істеп жатыр.