Ақмола облысында әлеуметтік осал топтардың атынан 5 млрд теңгеге заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың сәуірінде Зеренді ауданының прокуроры тұрғындармен кездесу өткізген кезде, белгісіз адамдардың әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың атына жалған құжаттар арқылы ақшалай несие рәсімдегені туралы дерек анықталған.
Аталған факт бойынша аудан прокурорының бастамасымен жедел іздестіру шаралары жүргізіле бастады. Оның нәтижесінде 2024 жылдың қарашасында «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары Ақмола облысы прокуратурасының Арнайы прокурорларына жүктелді.
Тергеу барысында бірнеше өңірде әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Топ мүшелері екінші деңгейлі банктерден заңсыз түрде несие рәсімдеу арқылы ірі көлемде ақша қаражатын иемденгені анықталды.
ҰҚТ-ның әрбір мүшесі нақты рөлдерге ие болып, әрқайсының міндеттері мен әрекеттері нақты бөлінген.
Жалпы алғанда, қылмыстық топ 450 адамға қатысты жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге жуық несие рәсімдеген.
Алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың қатарында еліміздің бірнеше облысының тұрғындары бар.
Қазір аталған іс бойынша 24 адам күдікті ретінде танылып, олардың 15-і соттың санкциясымен қамауға алынған.
Қылмыстық істі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.