Қазақстан тау шаңғысы туризмін халықаралық деңгейге көтеруді көздеп отыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладоматпен кездесу өткізді. Тараптар тау туризмін дамытудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Әсіресе, Алматы тау кластерінің әлеуетіне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесуде жаһандық туризм трендтері мен оның экономикалық тиімділігі сөз болды. Джоан Виладомат қысқы туризм жобалары бойынша халықаралық тәжірибемен бөлісіп, компаниясының Давос, Куршевель, Ишгл, Аспен және басқа да әйгілі тау курорттарын басқарудағы жетістіктерін таныстырды. Қазір PGI Management-тің 120-дан астам табысты жобасы бар.
Тараптар Алматы тау кластерін бірлесіп дамыту келешегін қарастырды. Бүгінде туристік ағын жылына 2 млн адамды құрайды, жалпы маусымдық 2 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы ұзындығы 41 шақырым трассадан және 16 көтергіштен тұратын қолданыстағы инфрақұрылым күніне 6 мың адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте отандық және шетелдік туристер тарапынан сұраныстың артуы маусымдық туристік дестинация ретінде тау шаңғысы туризмін дамытудың мемлекеттік стратегиясын одан әрі жетілдіруді талап етеді. Талдау нәтижесіне сәйкес, трассалар ұзындығын 227 шақырымға, көтергіштер санын 58-ге дейін арттыру арқылы кластер инфрақұрылымын дамыту ағымдағы өткізу қабілетін 5,6 есеге, күніне 34 мың адамға дейін жеткізуге, 10 мың тікелей жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2029 жылға қарай Алматы тау кластері жылына 7,5 млн-ға дейін турист қабылдай алады. Сонымен қатар еншілес және сервистік экономиканың дамуына тұрақты әсер күтіледі.
Сонымен қатар, бұл жоба балалардың қысқы спортпен айналысуына, отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға және инклюзивті инфрақұрылымды кеңейтуге сеп болмақ.
Премьер-министр туризмнің экономиканы әртараптандырудағы маңызды рөлін атап өтіп, бұл бағытты өңдеу өнеркәсібі мен логистика салаларымен қатар дамытуды тапсырды.
Кездесу қорытындысында тараптар тау шаңғысы туризмін халықаралық стандарттарға сай дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.