Аймақ

Су тапшылығы: Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына арнайы тапсырма берді

18:07, 18 сәуір 2025 23

Мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Президенттің айтуынша, аймақтағы халық саны табиғи өсім мен көші-қон үдерісіне байланысты тұрақты түрде артып келеді. Соған орай тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі күн сайын артып отыр.

Бүгінде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) су тұшыту қуаты жеткіліксіз. Бұл әсіресе жаз мезгілінде қатты білінеді. Қазір үш қала мен 59 елді мекенге ауыз су тек белгілі бір уақыт аралығында ғана беріледі. Жалпы су тапшылығы – күніне 23 мың текше метр.

Қазір су тұшытатын 6 зауыт пен қондырғы салынып жатыр. Кендірлідегі жоба іске қосылған соң, Жаңаөзен қаласының, Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдық округтерінің тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны кешіктірмей, дер кезінде, яғни, мамыр айында аяқтау керек, – деді президент.

Бұған қоса, 2023 жылы «Астрахань – Маңғышлақ» магистральді су құбыры жаңғыртылып, оның өткізгіштік қабілеті тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін артты. Алайда бұл да аймақтың суға деген сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне, аталған құбыр арқылы жеткізілетін су қосымша тазартуды талап етеді. Бұл өз кезегінде ауыз судың өзіндік құнын арттырып отыр.

Осыған байланысты мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына Маңғыстау облысындағы су тапшылығын азайту бойынша нақты әрі тиімді шешім қабылдауды тапсырды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз