Мұхтар Шахановтың өмірлік серігі белгілі ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханова дүниеден өтті деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қаралы хабарды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
QyzPU Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай және университет ұжымы мен білім алушылары белгілі ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханованың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады, - делінген хабарламада.
Розалинда Шаханова 1951 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. QyzPU-дың «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына түсіп, оны 1974 жылы тәмамдаған. Бес жылға жуық орта мектепте тәрбиеші және орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып жұмыс істеген.
Розалинда Шаханова бірқатар оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен көптеген ғылыми мақалалардың авторы.
Ғылым мен білім беру саласына қосқан зор үлесі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» сияқты атақтарға, ҚР Ғылым және білім беру министрлігінің «Ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін», «Ы.Алтынсарин», QyzPU дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» медаліне және тағы басқа да көптеген марапатқа ие болған.